"Алып та анадан туады" – деп бекер айтпаса керек-ті дана бабаларымыз. Осы бір ауыз сөздің өзі-ақ "ана" деген құдіреттің қандай екенін көрсетіп тұр. Әлемде қанша мейірім атаулы болса да, сонша мейірім ананың баласына деген кішкене мейіріміне жете алмайды. Ол – құдірет! Ол – шексіз махаббат! Ол – ғаламат сезім!
Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебінің 6 “А” сынып жетекшісі Сатыбалдиева Гүлмира «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, «Оқуға ұсынылған 100 кітап» жоба негізінде танымдық сабақ өткізді. Сабаққа директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі А.Оспанова, мектеп кітапханашы М.Бегманова қатысты. Олар жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің өмірі және шығармашылығымен танысты.
8-наурыз халықаралық Әйелдер мерекесіне орай өткізілген сабаққа «100 кітап» жобасы және қазақ тілі мен әдебиет, тарих пәндері кіріктіріліп, жазушының "Апамның астауы" атты әңгімесіне ерекше тоқталды. Оқушылар шығарманың үзінділерін сезіммен оқыды. Шығарма арқылы адамның жан-дүниесіндегі анаға деген құрметі және анаға деген махаббатын сезінді.



